Түрлі шаралар…

Жылма-жыл аудандық кітапхана Абай атамыздың туған күніне арналған шараны  Абай Құнанбайұлының ескерткіші жаңында ұйымдастырып, кітап көрмелерін жасақтап, халыққа қол жетімді кітапханалық қызмет ұсынады.

Қазақтан Республикасының Конституция күні қарсаңында кітапханашылар аудандық кинотеатрдың алдында «Ата заң – алтын діңгегім» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Шара барысында кітапханашылар Ата заңымыздың артықшылықтарын айтса, кітапхананың тұрақты оқырманы және жанашыры аудандық газеттің редакторы жиналғандарға елбасының саясатын, елміздің жарқын келешегін әңгімеледі.  

 Біздің кітапханашылар кітапты насихаттау, оқырмандарды кітапханаға тарту  мақсатында аудан орталығындағы асханалармен кафелерде кітап көрмелерін ұйымдастырады және  «Букроссинг» әдісін пайдалана отырып тұрғындарды кітап оқуға шақырады.  

Ауданмыздың орталығында заманауи үлгідегі 3D форматты кинотеатр бар. Ол да  кітаппен кітапхананы насихаттауға оң септігін тигізуде. Кітапханашылар кино көрсетілімінің алдында «Буктрейлер» тәсілімен үлкен экранда кітапты насихаттауды кітапхананы жарнамалауды үрдіске айналдыруда. 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға кітапханалық қызмет

Мүмкіндігі шектеулі жандарды кітапханалық қызметпен қамту жобаның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыстанатын кітапханашы Айгүл Залиева әлеуметтік қызметкерлермен арнаулы мекемелермен жұмыстанып, оларға кітапханалық қызмет көрсетеді.Тасқала ауданының орталығында «Қарттар үйі» орналасқан. Әрине,  бұл мақтанарлық жайт емес. Дейтұрғанмен тағдырдың тауқыметін тартқан қарияларды кітаппен күнделікті ақпаратпен қамтуды өзімізге міндет санаймыз. Аталмыш мекемемен кітапхана жүйесі үнемі қарым-қатыныста болып, қарияларға мерзімді басылыпдарды, әдебиеттерді, аудиотаспаларды жеткізіп, олармен түрлі тақырыптарда әңгіме жүргізеді. 

Жазғы лагерьде

Балалардың жүзіне жылылық ұялатып, жүрегіне шуақ сыйлайтын жазғы демалыс лагерлеріде біздің кітапханашылардың қатысуынсыз өтпейді. Аудандық балалар кітапханасы «Шұғыла» жазғы демалыс лагерінде көшпелі кітапхана қызметін ұйымдастырып, сарқылмас қазына аралына саяхат жасатса, шағын елді-мекендерде кітапхана жанынан балаларға демалыс бұрышын жасақтайды. Осы жоба аясында отбасылық оқуды дамыту міндеті де қамтылған. Кітапханашылар оқырмандарды кітапханаға тарту мақсатында үй-үйді аралап отбасы мүшелерімен әңгімелесіп, ата-аналарға кітап оқу мәселесіне байланысты кеңестер беріп, кітапханалық қызмет көрсетеді.

Кітапхана — қыстақта…

Цитата

«Жайлауында жүрген жігіт бағып қой, нағыз қазақ осы міне танып қой» деп қазақтың Қадыры жырлағандай жайлаудағы шопандарды да біздің жобамыз назарларынан тыс қалдырмауда.  Кітапханашылар Амангелді ауылының жусанынан жұпар аңқыған Жигули жайлауында өз оқырмандарымен жүздесті. Қойлы ауылдың  шопанымен қыр басында кездесіп, жайлаудың жай-күйіне қаныққан кітапханашылар, келбетін күн қаққан еңбек адамына өз жайлауларынан сыбаға үлестірді. Ауылшаруашылығына арналған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, кітаптан тарту, газеттен таралғы ұсынып қайтты. 

Кітапхана — оқырмандарымен кездесті

Аудан кітапханашыларының жоба аясындағы алғашқы   сапары Ақтау ауылдық округінің Беленький елді-мекенінен бастау алды. Беленький ауылында небары 12 үй, 47 адам тұрады. Ауыл тұрғындары үшін бұл күн шағын мерекеге айналды. Кітапханашылар кітаптарымен қызықтырса, өнерпаздар әсерлі әуендерімен көңілдерін тербетті. Шараны кітапхана жүйесінің әдіскері Құралай Хасанова ашты. Одан әрі сөз алған кітапхана басшысы Мэлс Нарыков кітап оқу мәселесіне тоқталып, жобаның негізгі мақсатын, одан туындайтын міндеттерді тұрғындарға түсіндірді. Сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген электронды кітаптарға шолу жасады.  Беленький ауылының тұрғындарына кітапханашылар Бакиза Маштаковамен  Қарлығаш Бақтыгереева жаңа әдебиеттермен, мерзімді басылымдарды насихаттап, кітапхана саласындағы жаңалықтарды әңгімеледі. Ауыл тұрғындарына оқырман формулярын ашып, кітаптар берді.