Кітапхана — оқырмандарымен кездесті

Аудан кітапханашыларының жоба аясындағы алғашқы   сапары Ақтау ауылдық округінің Беленький елді-мекенінен бастау алды. Беленький ауылында небары 12 үй, 47 адам тұрады. Ауыл тұрғындары үшін бұл күн шағын мерекеге айналды. Кітапханашылар кітаптарымен қызықтырса, өнерпаздар әсерлі әуендерімен көңілдерін тербетті. Шараны кітапхана жүйесінің әдіскері Құралай Хасанова ашты. Одан әрі сөз алған кітапхана басшысы Мэлс Нарыков кітап оқу мәселесіне тоқталып, жобаның негізгі мақсатын, одан туындайтын міндеттерді тұрғындарға түсіндірді. Сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген электронды кітаптарға шолу жасады.  Беленький ауылының тұрғындарына кітапханашылар Бакиза Маштаковамен  Қарлығаш Бақтыгереева жаңа әдебиеттермен, мерзімді басылымдарды насихаттап, кітапхана саласындағы жаңалықтарды әңгімеледі. Ауыл тұрғындарына оқырман формулярын ашып, кітаптар берді.